Ғасырлар тоғысы

Рейтинг:

   
   
 
Қазақ елінің өзіндік тарихы бар, және де бұл тарих, сан алуан оқиғаларға толып жатыр. Ата-бабаларымыз мыңдаған ғасырлар бойы мекендеген кең байтақ жерлерін қандыкөз жаулардан аман сақтап қалу үшін талай найзаның сабын сындырып, талай қылыштың жүзін кетірді. Өткен ғасырдағы билік еліміздің тарихи деректерінің басым бөлігін мұрағат қойнауына жасырып алса да, егемендікке қол жеткізгелі бері көзіміз ашылып, халқымыздың шынайы тарихи келбетін көрген сайын елімізге, жерімізге, мәдениетіміз бен дәстүріімізге, тілімізге деген құрметіміздің одан бетер арта түсетіні сөзсіз.

Жуырда, Алла Тағаланың қалауымен, Алматы қаласындағы Мемлекеттік отралық мұражайында «Ислам мәдениетінің құндылықтары» атты көрмені тамашалауға мүмкіндік туды. Осы сәтті пайдаланып, еліміздің мәдениеті Ислам дінімен тығыз байланыста болғандығын өз көзімізбен көруді ұйғардық.

Экспонаттар қойылған павильонға кірген бойда, бейне бір ғасырлардың тоғысқан жеріне түскендей әсер алдық: түп-тамырларымен ежелгі шағатай дәуіріне кететін бұйымдардан бастап, 21 ғасырға дейінгі – бүкіл тарихи дәүірлерді қамтыған көрмелік экспонаттар сан ғасырлардың барлығын жиыстырып, алдымызға алып келгендей. Көрмені ұйымдастырушының қызықты да танымды әңгімелерін тыңдаған сайын көз алдымызда асау тұлпарын тебініп, ақ байрақты көк аспанға желбіреткен бойда жауға шапқан алып сауытты батырлар; тау бөктерінде, киіз үйдің маңында қара домалақ балаларды қасына үйіріп, әліпби оқытып отырған қарт диуана; мидай шөл далада құбылаға бет бұрып, сәжде салған керуеншілер – барлығы деректі фильмнің кадрлері секілді өтіп жатты.

Көрмеде өткізген бір сағаттан астам уақытымыз қазақтың бір неше ғасырлық ғұмырына еніп, қайта шыққандай әсер қалдырды. Сөздеріміздің оқырмандарымызға түсінікті де, ғибратты болуы үшін, арнайы жасалған бейнерепортажды тамашалауды ұсынамыз.
1. Көрменің тақырыбы «Ислам мәдениетінің құндалақтары».
2. Көрме «Алматы – Ислам мәдениетінің 2015 жылғы астанасы» атты мәдени шараның аясында ұйымдастырылып отыр.
3. Көрме экспонаттарының жалпы көріністері. Әр экспонаттың орналасуында өзіндік мағына бар: «БиссмИлля» мен Абай атамыздың сөздінен басталған көрме.
4. Елбасымыздың сөзі мен еліміздегі Ислам дінінің қазіргі жағдайын бейнелейтін көріністермен аяқталады.
5. Көрменің беташары кез келген мұсылманға аса маңызы бар «Биссмилляхи Рохмани Рохим» сөзімен басталады.
6. Көрменің ең басты да ең құнды экспонаттары – әр кезеңдегі тарихи дәуірлерде жазылған Қасиетті Құранның түпнұсқалары, дни ілім қайнарына айналған қолжазбалар мен ресми құжаттар.
7. Құран. Түркия. «Бахрия» баспаханасы. 1323 хижри/1905 миледи.
8. Құран. Бір жерге қойылғанына қарағанда сол дәуірде жарык көрсе керек.
9. Құран Кәрім. 1054 хижри/1654 миледи.
10. Қапшыққа салынған Құран. Түркияда 19 ғасырда жарық көрген.
11. Құран. Г. Саблуковтың аудармасы. 1907 жылы Қазан Отралық баспаханасынан жарық көрген.
12. Құран тәпсірі. Түркияның «Бахрия» баспаханасы. 1306/1886
13. «Қиссасуль әнбия» - Пайғамбарлар қиссасы. Авторы: Наср ад-Дин Бурхан ад-Дин Рабғузи, 18 ғасырдың соңында, 19 ғасырдың басында өмір сүрген. Кітап 1895 жылы Тәшкен шаһарындағы Сайд Асқар қажы мен Сағадат ишан қажылардың баспаханасынан жарық көрген.
14. Орта түрік тілінде араб әріптерімен жазылған қолжазба.
15. «Мухаммадия». Авторы Мухаммад Челеби. 1900 жылы Қазан университетінің баспаханасынан жарық көрген.
16. «Мухтасар әл уйқоя фи шархи әл Хидоя». «Хидоя» кітабінің қысқартылған шархы. Авторы: Убайдулла ибн Мәсғуд ибну Тадж әш-Шарғи.
17. Солдан оңға қарай:

1. Абай Құнанбаевтің «Бір сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты қолжазбасы. Аталған қолжазбаны 1933-1934 жылдары М.Әуезов бастаған экспедиция Семей өңірінен алып келген деген мәліметтер бар. Қолжазба 1899 жылы қазақ тілінде араб жазуымен жазылған

2. Қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері, ақын Мұхамеджан Сералиннің «Қожалар шежіресі» атты қолжазбасы.
18. ХХ-ғасырдың бастапқы кезеңіндегі қолжазба еңбектер мен басылымдар.
19. Тұрағұл Абайұлының «Қазақтан атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» атты қолжазбасы.
20. «Айқап» газетінің №1 басылымы. 1911-1915 жылдары М.Сералиннің ұйымдастыруымен Троицк қаласында шыға бастаған.
21. «Ата құралы». Ахмет Байтұрсынұлының қазақша жазылған тұңғыш әліппелерінің бірі. «Оқу құралы» 1912-1925 жылдары бір неше рет қайта өңдеуден өтіп, әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде бағаланады.
22. «Ұшқын» (Искра) газеті. Алғашқы нөмірі 1919 жылы Верный қаласында жарық көрді. Қазіргі баршамызға танымал «Егемен Қазақстан» газетінің «атасы» деп айтса да болады.
23. «Тілші» газеті. Алғашқы басылымы 1922 жылы шыға бастаған. Негізінен ауыл, шаруа газеті болғандықтан көбіне ауыл өміріне арналған проблемалық материалдар жарияланды.
«Абай» ғылыми, әдеби, шаруашылық журналы. 1918 жылы Семей қаласында шыға бастаған. Редакторлары Ж.Аймауытов пен М.Әуезов болған. Келесі экспонаттарды Ислам діні мен мәдениеті қазақ жеріне, бір ағайындарымыз айтпақшы, «90-шы жылдары» емес, атам заманнан орнығып, қазақтың қанына сіңгендігінің айғағы ретінде қарастыруға болады.
25. Экспонаттардың жалпы көрінісі. Бұл жерде Орта Азия мен Қазақстан аумағында орта ғасырларда билік құрған Қарахан, Жошы, Шағатай, Әмір Темір әулеттерінің және Осман империясы, Елхан, Қырым, Бұхар, Қоқан хандықтарының, сонымен қатар Мысыр, Ауғанстан елдерінің күміс монеталары мен әшекей бұйымдары қойылған. Әр монетаның бір жағында «Кәлима» сөздері , екінші жағында сол кездегі ел басшысының есімдері жазылған. Бұның өзі қазақтардың сол заманда Ислам әлемімен тығыз байланыста болып, сауда-саттық саясатын жүргізгендігін көрсетеді.
26. Күмістен соғылған мөр, алқа және білезіктер. Бұйымдардың барлығындағы жазулар араб әріптерімен, қазақша жазылған.
27. Экспонаттардың фотобейнелемесі. Орта ғасырдағы Ислам дінін ұстанған мемлекеттердің монеталары.
28. Экспонаттарға реттік сандары бойынша берілген сипатама.
29. Мына витринаға қойылған экспонаттар сол замандағы ер адамдардың күнделікті пайдалануларында болған бұйымдар. Атап айтқанда: байрақбасы, қайыс белдік, қанжар, қылыштар.
30. Суреттегі болат қылышты Ресей империясының патшасы Бірінші Александр Кіші Жүздің сұлтаны, Әбілхайыр ханның немересі Шерғазы Айшуақұлына сыйға тартқан екен. Қылыштың жүзінде араб әріптерімен қылышты Бірінші Александрдың сыйлығы екендігі жазылған. Дәл осындай жазу кириллица әріптерімен қылыштың екінші жағына жазылған.
31. Байрақбасы. Ежелгі көшпенділердің байрақтарының бастарында жыртқыш аңдардың (мысалы, көне түркілерде - көкжалдың басы), бейнеленетін. Ислам діні қазақ даласына енгелі бері байрақбасына Құранның аяттыры немесе «кәлимә» сөздері жазыла бастаған. Суреттегі байрақбасының ортасында «кәлима», айналасында дұға- аяттар жазылған, ұшы қазақтың ұлттық өрнегімен әрленген.
32. Қайыс белдік. Күміспен әшекейленіп, араб жазуларымен әрленген.
33. Экспонаттардың улкейтілген суреттері: әр бұйымда араб әріптерімен жазылған сөздерді байқауға болады. Мысалы, екінші қылыштың жүзінде алтын жалатылған әріптермен орындалған араб жазулары болса, қанжардың жүзінде Құранның қысқа сүресі жазылған.
34. Тұрмыстық заттар. Күмістен, қоладан жасалған ыдыс, қасық, тостаған, табақ сияқты заттарға да араб әріптерімен жазылған жазулар бар.
35. Ағашқа ойып жасалған мөрлер. Мөрдегі жазулар қағаз бетіне басқанда түзу үшін, әріптері теріс ойылып жазылған. Қол бейнесінде ойылған мөрде Алланың, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), және төрт халифаның (оларға Алла разы болсын), есімдері ойылған.
36. Экспонаттардың жалпы суреттері.
37. Күміс бұйым.
38. Оюлармен әрленген қобдиша.
39. Қабірстандағы құлыптастар.
40. Қазақстан мен Ыстықкөл өңірлерін зерттеу барысында табылған құлыптастар. Жалпы қабірге құлыптас қоюдың түп-тамыры ежелден келе жатқан дәстүр екендігі және оның Шариғатқа қайшы келмейтіндігі анық. Ұсынылып отырылған құлыптастарда марқұмдардың есімдері ғана емес, оның мұсылман болғандығының дәделі ретінде болса керек, «кәлимә» да қашалып жазылған.
41. Құлыптас иесінің есімі оның имам, ұлы ғұлама болғандығын білдіреді.
42. Тағы бір құлыптасқа «кәлимә» сөздері мен марқұмның аты-жөні, тұрған жері жазылған екен.
43. Құлыптастардың фотосуреттері.
44. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі. Көрмеге Түркістан аумағындағы тарихи кесенелерді реконструкция жұмыстарын жүргізу барысында мұражайға экспонат ретінде алынған кірпіштер, ою фрагманттері қойылған.
45. Түркістан жеріндегі кесенелердің бірінен алынған Қыш кірпіш (керамика).
46. Қарахан кесенесі. Тарихи дереккөздерге жүгінсек, аталған кесене 942–1210 жылдары Шығыс Түркістан, Жетісу, Сырдария, Талас, Шу өңірлері билеген Қарахан қағанатының ханы Ша-Махмуд Бұғра Қараханның мазарына салынған екен.
47. Арыстан баб кесенесі.
48. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі.
49. Айша бибі кесенесі.
50. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі.
51. Алматы облысы Жаркент ауылындағы Юлдашев мешіті. 1892 жылы Вали Ахун Юлдашевтің тапсырысы бойынша Қытайдың сол кезеңдегі атақты сәулетші-инженері Хон-Пик салғын. Мешіт тек табиғи құралдармен, күрделі технологияны пайдалану арқылы, еш бір шегесіз, тұтқаларсыз тұрғызылған.
52. Ислам мәдениетінде каллиграфия өнері өте кең дамыған. Қазақ жерінде оны құснихат деп те атайды және қазақ елінің өз мәдениетіне тән құснихаты – каллиграфия өнері болған. Мәселен, мына суреттерде араб әріптерімен, қазақ тілінде «қазақтың киіз үйі» және «қазақтың домбырасы» деген жазулар бар.
53. Келесі экспонаттар - әт түрлі кезеңдерде жазылған құснихаттар. Назарларыңызға ұсынылып отырылған құснихаттар мен иллюстрациялар осы көрменің ұйымдастыруына ат салысқан Мысыр Араб Республикасы, Түркия мен Иран Ислам Республикасының мәдени орталықтарының берген экспонаттары.
54. Мысыр Араб Республикасының мәдени орталығы ұсынған экспонат.
55.
56.
57.
58.
59.
Фото 60. Ер адамның киім үлгісі: шапан, сәлде, тік жағалы жейде, шалбар, мәсі. Қазақ атам заманнан ұлттық киімдерін сүннетке сай тігіп киетін болған. Қазіргі кезде сүннет киім киген адамды көргендер: «араб болып кеттің ба?» дейтінді шығарды. Тіптен, басына сәлде орап, шапан кигендердің өзіне шошына қарайды. Алайда, мына суреттегі киімнің үлгісі – ата-бабамыз сәлденің сауабын, шапанның қасиетін жетік білгендіктің айғағы.
Фото 61. Ер адамның бас киімі – сәлде. Сәлде жайында Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте: «Мұсылман мен көпқұдайшылдың арасын айырып тұратын – ол сәлде» делінген.
62. Мәсі
63. Дәрет алу
64. Қазақ әйелдерінің дәстүрлі киімі.
65. Дәрет алатын құмған.
66. Қазақтың мәдениеті мен дәстүрінде әйел адамның орамалы ерекше орынға ие болған. 20-шы ғасырдың бірінші жартысына дейін орамал әйел адамның ажырамас бөлігі ретінде қаралатын. Өкінішке орай, сол замандағы әжелеріміз өмірден өтіп, олардың орнын Кеңес дәуірінің «Бурда» журналымен тәрбиеленген апаларымыз басты. Олар ар-намысын қорғап, Жаратушысының әміріне бойсұнған қарындастарымызды арабтарға теңеп, ал кезінде апаларымыз киген жаулық пен кимешекті «ортағасырлық ескілік» деп қарастырады.
67. Бұл композицияны мен «Ілімнің қайнар бұлағы» деп атар едім. Композицияға қойылған экспонаттар осы ойдың, осы идеяның төңірегінде жасалса керек, және де қазақ даласында сол кездерде қандай ілім таратылып, қандай кітап оқылғандығын бейнелейді. Құран, тәсбих, сия мен қалам және сахабалардың заманында да қолданылған тәсіл – табиғи заттарға білімдерін жазу етіп түсіру.
68. Жылқының жауырынына жазылған араб әліпбесі. Сол заманның «болкноты» десе де болады - жазып алып, қалтаңа немесе қоржыныңа салып қоясың. Ұмытып қалсаң – шығарып алып, қайталап алуға болады.
69. Бұл жазуларды кез-келген мұсылманға оқу қиынға соқпайды!
70. Майшам. Қыштан жасалған.
71. Бұл пейзаж қазақ даласындағы білім қалай таратылғандығын көрсетеді: ауылдың молдасы жасы толған балаларды жинап, сауат ашу, әліпби және Құран сабақтарын жүргізетін.
72. 19 ғасырдың соңында Орта Азия мен Түркістан өңірін зерттеген орыс этнографы С.М. Дудиннің фотосуреттері. Дала мектебі.
73. Киіз үйдегі мектеп.
74. Көшпелі қазақтың да мешіт-медресесі көшпелі болған.
75. Бұхара мешітіндегі жамағаттың намазы.
76. Молдалар.
77. Ишан
78. «Бес уақытты бес намаз. Біреуі қаза қалмасқа».
79. «Бата беріп, бет сипау жоқ» дегенді қай атаңнан естідің?
80. Ислам мәдениетінің қазіргі күнгі келбеті. Әлемнің әр тілдеріне аударылған Құрандар.
81. Көрменің ортасындағы құнсыз экспонат – еліміздегі ең үлкен Құран.
82. Құран толығымен қолмен жазылып шыққан.
83. Экспонаттың қасына аудиоплеер орнатылған, сол арқылы Құран тыңдауға да болады.
84. Еліміздің ірі қалаларындағы мешіттер.
85. Көрменің ұйымдастырушысы – ҚР Мемлекеттік орталық мұражайының музейлік деректану және қолжазба орталығының жетекшісі Белтенов Жасұлан ағамыз.

Көрме өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған, жалпақ тілмен айтқанда - атына заты сай. Әрине қазақ жеріндегі Исламның мәдениеті тек осы экспонаттармен ғана шектеліп қалған жоқ, мұражайларда қаншама құны жоқ тарихи деректеріміз жатыр, қаншама экспонаттар қойылмай қоймаларды панала жатыр. Әйтсе де, жалпы, қазақтың тарихымен танысқысы келетін, елінің мәдениетін білгісі келетін әр-бір адам Мемлекеттік мұражайға барып, өзінің түп-тарихы жайында бай мағлұматтар мен ерекше әсер алуына еш қандай шектеулер жоқ. Осы тұрғыда Мемлекеттік мұражайдың ұжымына рахметімізді білдіріп, көрменің ұйымдастырушысы Белтенов Жасұлан ағамызға сайтымыздың атынан ерекше алғысымызды білдіргіміз келіп отыр. Арамызда ата-бабаларымыздың өткен тарихын кеше көргендей етіп сипаттап, айтып беретін ағаларымыз барда, олармен табысып, араласып, артымыздағы ұрпаққа өнеге етіп қалдыруға әрекет жасауымыз керек деп ойлаймын. Сол үшін де, бауырларымызды еліміздің тарихына ой жүгіртіп, егеменді ел болғанымыз, Алланың һақ дінінде жүргеніміз сол замандағы ата-бабаларымыздың құрбан еткен жандары мен біздер үшін жасаған дұғаларының себебінен екендігін сезініп, білу үшін осы тамаша көрмеге барып, көзбен көріп, құлақпен естуге шақырамыз.

Көрме 2015 жылдың шілде айына дейін, Алматы қаласындағы ҚР Мемлекеттік мұражайдың 4-ші көрме залындағы орталық алаңында орналасқан.

_____________________________________________________________

© Azan.kz

P.S. Суреттердің авторлық құқығы www.azan.kz сайтына тиесілі.

Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз,

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
Фотогалерея закрыта от комментирования