"Саналы ұрпақ - сапалы болашақ кепілі" - «Әл Мәдина» мешітінен репортаж

Рейтинг:

   
   
 
Алматы қаласы «Әл Мәдина» мешітінің іргесінде "Саналы ұрпақ - сапалы болашақ кепілі" атпен ұйымдастырылған балаларға арналған жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын мамыр айының 26 жұлдызында бастап, Қасиетті Рамазан айының басталуына дейін жалғасқан еді. Осы уақыт аралығында курста 70-ке жуық мектепке дейінгі және мектеп жасындағы ер балалар тәлім-тәрбие алып, жазғы демалыстарын рухани азық жинаумен бастаған болатын.

Сауат ашу курстарын ұйымдастырушылар балаларды тамағымен, жатын орындарымен толыққанды қамтамасыз етіп, сонымен қатар Құран оқу, ахлақ, көркем мінез, сира сияқты рухани дәрістер өткізіп, балалардың ойын-сауықтарын жоғары деңгейде ұйымдастырды.

Атап айтсақ, 1-маусым Балаларды қорғау күнінде,  «Әл-Мәдина» мешітінің бас имамы Бақытжан қажы Жаңбырбайұлының ұйытқы болуымен шәкірттер арасында дүбірлі дода өткізіліп, қазақтың ұлтық ойындары: арқан тартыс, күрес, қол күресі, сондай-ақ стол тенисі, діни сұрақ-жауап ойындары бойынша жарыс ұйымдастырылды. Балдаурен бүлдіршіндердің еш бірін назарсыз қалдырмай, барлығына жүлделі орындар мен сыйлықтар таратылды.

Отанға деген махаббат туған жердің сұлулығына тәнті болмай оянбас. Осыған орай балалардың патриоттық сезімін қалыптастырып, туған жер табиғатының қойнауынан нәр алдыру үшін «Табаған» таулы шатқалына саяхат ұйымдастырылды. Ну орман аясына сіңіп, таза ауада ойын-сауық құрып, тау бөктерінде қазан асып, самаурын қайнатқан күн, балалардың естерінде ұзақ қалады десек те болады.

Жиырма күнге жуық уақытқа созылған сауат ашу курсы маусым айының 6-сы күні сөресіне де жетті. Балаларын ұстаздарға аманат етіп тапсырған ата-аналар «Әл Мәдина» мешітіне жиналып, балалардың жиырма күн ішінде жеткен жетістіктерінің қуанышына ортақ болды: біреулері Құран жаттаудан үздік болса, екіншілері тәртібімен алдыңғы қатардан көрініп жатты.

Шәкірттерді марапаттау рәсімін «Әл Мәдина» мешітінің бас имамы Бақытжан қажы Жаңбырбайұлы өткізіп, әр балаға Қасиетті Құран Кәрім мен басқа да сыйлықтарды тарту етті.

Ия, неғұрлым ұрпақ саналы болып тәрбиеленсе, соғұрлым болашақтың да сапасы артары сөзсіз. Техникалық жетістіктер дамып, адамның санасына билік жүргізіп тұрған мына заманда балаларымызға планшет не смартфон сатып алып беріп, виртуалды әлемге өз бетінше қоя бергеннен гөрі, қолына Құран ұстатып, имам-ұстаздардың қарамағына бір айға болса да тапсырсақ, баланың санасына салынған рухани ақпарат бара келе иманды да ибалы мінез-құлықтың фундаментіне айналатыны сөзсіз.

Сөзіміздің соңында, «Әл-Мәдина» мешітініңі ұжымына, мешіттің бас имамы Бақытжан қажы Жаңбырбайұлы мен жазғы сауат ашу курсының ұстаздарына алғысымызды білдіріп, болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие беру ісіне аянбай ат салысқандары үшін Алла Тағала разы болсын дегіміз келеді.   

Azan.kz     
Комментарии
0
project14
12:5324.08.2015
 
Молодцы! Доброе дело - радость детям.
 
 
--1
Armen_забанен
15:2325.08.2015
 
Дети такие счастливые
 
 
Фотогалерея закрыта от комментирования